Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ПАПА ИОАНН ПАВЕЛ ІІ

Бөлісу

100 жыл бұрын, 1920 жылдың 18 мамырында Вадовице қаласында Кароль Юзеф Войтыла дүниеге келді.

Католик шіркеуін 1978 жылдың қазан айынан бастап басқарған Папа Иоанн Павел ІІ адамзат тарихында өшпес із, ал миллиондаған адамдардың жүректерінде ең ыстық естеліктер қалдырды.

Рышард Чарнецкий – Еуропа Парламентінің мүшесі (Польша), Қазақстан – ЕО Достық тобының Төрағасы. 

Алтай Әбибуллаев – «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы (Қазақстан).

Тарихшылар католик шіркеуінің бүкіл қауымдастығын басқарған, мемлекет басшыларының саяси шешімдеріне ықпал ете білген, өзге діндер өкілдерінің арасында жоғары құрметке, әсіресе жастар арасында кең танымалдылыққа ие болған ұлы тұлғаның құпиясына әлі де қызығушылық танытады.

Осыдан 19 жыл бұрын, 2001 жылдың 22 қыркүйегінде Бас Понтифик Иоанн Павел ІІ Қазақстанға тарихи мемлекеттік сапармен келді.  

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «нағыз адам, гуманист, философ, дана» деп сипаттама берген Иоанн Павел ІІ ресми сапары Қазақстан тәуелсіздігінің 10-жылдық мерейтойына орай өткізіліп, халықаралық саяси алаңда өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогты дамыту, сонымен қатар Қазақстан мен Ватикан арасында диалог пен серіктестікті нығайтуда аса маңызды рөлге ие болып, жас тәуелсіз мемлекеттің тарихында елеулі оқиға болды.   

Қазақ жерінде айтылған Папаның алғашқы сөздері шынайы сезімге толы әсерлі болды. Бұл сөздер «Орта Азияның жүрегінде орналасқан қасиетті елдің астанасына әкелген» Құдайға ризашылығынан басталды.

Папа Иоанн Павел II Қазақстан және оның халқы туралы «Сіздердің ұлттық туларыңыздың түсіне қарап тұрып, Жаратушы Құдайдан туларыңызда көк түспен нышандалған беріктік пен ашықтық, алтын түспен күймеленген гүлдену мен бейбітшілік тәрізді игіліктерге қол жеткізулеріңізді тілеймін».

Аса мәртебелі Папа әлемнің барлық дәстүрлі діндеріне алғашқы қадамды жасаған болатын.

Сол кездің өзінде Иоанн Павел ІІ халықтардың бейбіт өмір сүруі туралы өзіндік көзқарасы мен ұстанымымен батыл бөлісетін болған. Ол мұсылман жастармен Құдайдың бірлігі туралы, XXI ғасырда қақтығыстарды тоқтату, әлемнің барлық халқы күш біріктіріп, бір-біріне кешірімділік таныту қажеттігі жөнінде ой бөліскен болатын.  

Ол «христиан мен мұсылмандарға ортақ нәрсе көп, сондықтан мұсылман мен христиан әлемінің арасындағы диалог бүгінгі күнде ерекше қажет», - екендігін атап өткен болатын. Оның мұсылмандар мен христиандар «сүйіспеншілікке негізделген өркениет» құра алатынына кәміл сенімі дұрыс әрі негізді деп атап өту қажет. 

Қазақстан қоғамы үшін діни дәстүрлер мен әр түрлі этникалық топтардың тарихи өткені өзара мүдделерді бекітудің көпірі ретінде қауымдарды біріктіріп, адамның қалыптасуы мен өзін-өзі дамытуға ықпал етеді, өзге халықтарға, олардың мәдениеті мен дәстүрлеріне деген құрмет пен төзімділік көрсетуге тәрбиелейді. 

Адамзат тарихының бүкіл кезеңінде Қазақстан Шығыс пен Батыс, өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы көпір іспеттес болып келді, сондықтан рухани тамыры терең әрі берік. Оның шексіз кең даласында әр түрлі сенімдер мен діни дәстүрлер пайда болып, дамып келді. 

Бүгінгі таңда 18,6 млн. халқы бар Қазақстан 135 астам этностар мен 18 конфессияның ортақ үйіне айналды.

Қазақстан әр түрлі діни сенім өкілдері мен этникалық топтардың мемлекет ішінде бейбіт және бірлікте өмір сүре алатындығының айқын үлгісі болып табылады.

Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғам институттарының рөліне ие болған діни бірлестіктер рухани құндылықтарды жаңғыртуда және азаматтық қоғамда жоғарғы этиканы қалыптастыруда мемлекеттің аса маңызды серіктестері бола білді.

Қазақстан өз тәуелсіздігінің үш онжылдығында бірегей дінаралық және конфессияаралық үйлесімді қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатымен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің өзіндік моделін қалыптастырды. 

Қоғамдық дамудың қазақстандық моделінде елдің бірлігі мен үйлесіміне ерекше үлес қосып келе жатқан діни қайраткерлердің еңбегіне ерекше назар аударылады. Олардың қоғамға сіңірген жауапты үлесінің арқасында дін саласындағы мемлекеттік саясат дінді терістеу мен күресуден бастап негізгі конфессиялармен серіктестік орнатуға дейін ауқымды өзгеріске ұшырады.  

Міне сондықтан, саяси алаңда Қазақстан мен Ватикан ядролық қарудан бас тарту, тоқтату және ядролық сынаққа тыйым салу мәселесінде белсенді жақтастар болып табылады.

Иоанн Павел II «бөлінуге орын берілмей, қақтығыстарды еңсеру» жолында халықаралық ынтымақтастықтың өзектілігі мен қажеттілігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. 

Қазақстан терроризм мен соғыс қауіпімен күресу, сонымен қатар, әлемдік халықаралық қауымдастық арасында сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар әлемдік бастамаларды алға тартты. 

Көптеген сарапшылардың біздің аймақтың «өркениеттер қақтығысын» өткеруі мүмкін деген болжамдарына қарамастан, Қазақстан басшылығы бұл тұжырымның терістігін дәлелдей білді. 

Иоанн Павел ІІ Қазақстанға ресми сапарынан екі жыл өткен соң, Қазақстанның негізін салушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада алғашқы рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І Съезі өтті. Бұл ауқымды тарихи  іс-шара ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизм діндерінің беделді өкілдерін жинаған болатын.

Съезді шақыру идеясына Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзян Цзэминь, Нельсон Мандела, Дж. Д'Эстен, Иордания королі Абдалла II, Пан Ги Мун тәрізді көптеген әйгілі әрі ықпалды әлемдік лидерлер қолдау білдірді.

Бірінші күннен бастап Ватикан жоғары деңгейдегі Съездің белсенді әрі тұрақты қатысушысы болып табылады.

Бүгінгі таңда әлемдік конфессияаралық диалогты дамыту бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей идеясы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметінде сабақтасыққа ие болып, жалғасын тауып келеді.

Мемлекет басшысы Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ұйымдастырушылық, идеологиялық және тұжырымдамалық құрамының тиімді жүйесін қалыптастырды, Парламент Сенатының төрағасы және Съез Хатшылығының Басшысы болған уақытта конфессияаралық диалог жаһандық тұғырнамасының іргелі негізін салды.  

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту, Қазақстанның рухани дипломатиясы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеялары мен шешімдерін алға жылжыту мәселесінде сабақтастықты сақтау бойынша ұстанымы қазіргі Қазақстанның берік тұғырнамасы. 

Жалғасын тауып келе жатқан бұл динамикалық үрдісте адамзаттың рухани өзегі мен сүйіспеншілік, үйлесім мен төзімділік, қайырымдылық пен мейірімділік тәрізді ғасырлық құндылықтардың нышаны болып табылатын әлемдік және дәстүрлі діндер ерекше рөл атқарады.  

Католицизм діні Қазақстанда ұзақ тарихқа ие. Католик шіркеуі бұдан бірнеше ғасыр бұрын бастау алған мәдени және рухани байланыстарды жалғастырып, жаңғыртуда.

Қазақстанда католик қауымдастығы дамып, тиісті деңгейде қызметін жүргізіп келеді. Мысалы, жақында Ватикан Қазақстандағы Қарағанды қаласына Қасиетті Иосиф шіркеуіне Кіші Базилика дәрежесін берді, бұл өз кезегінде Орталық Азиядағы алғашқы Кіші Базиликаның орнатылуы болды. Қасиетті Иосиф шіркеуінің әсемдігі мен оның католик қауымы үшін тарихи мәнділігі оған Кіші Базилика дәрежесін беруге себеп болды.

Бұл қауымның татулығы мен бірлігінің жоғары деңгейлігі Понтификтің Қазақстанға 2001 жылы сапары барысында Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Украинадан, Белоруссия және басқа да елдерден астаналық «Отан - Ана» монументінде Папаның Қасиетті жиынына қатысу үшін қырық мыңнан астам сенушілер жиналған сәтте айқын сезілді.

Кейін Понтифик өзінің оқыған уағызында барлық жиналғандар арасында өзін «Апостол және Христос куәгері, ерікті әр адамның досы» ретінде сезінетінін жеткізген болатын.

Оның Еуразия университетінде жастардың келешекті құрудағы ерекше рөлі туралы сөзі студенттерге ерекше әсер етті. 

«Мен Қазақстанның өз дамуындағы жаңа кезеңде кездесуі мүмкін сын-тегеуріндерге төтеп беруі үшін бай рухани мәдени мұрасынан барынша күш алуына дұға етемін. Жаратушы Құдай Қазақстанның әр адам мен барлық халықтардың құқығын қорғау мен құрметтеуге негізделген қоғам құрудағы талпынысына күш-қуат берсін». Рим Папасы Иоанн Павел Екіншінің бұл сөздері қазіргі Қазақстанның тарихы мен шежіресінде ерекше орын алатыны сөзсіз. 

Әлемде ең ықпалды тұлғалардың бірі бола тұра, Католик шіркеуінің басшысы тоталитарлы режимнің құрбандарын еске алу үшін ескерткіштеріне барып ізет көрсетті, мәдениет пен ғылым қайраткерлерімен кездесті, сонымен қатар Орталық Азия елдерінде қызмет етуші католик ординарларымен де танысты. 

Әлбетте, Аса Мәртебелінің елімізге іс-сапары елеулі маңызға ие тарихи оқиға ретінде Қазақстан халқы үшін берген ғибраты шексіз.

Біз Еуропа және Азияда Иоанн Павел Екінші Рим Папасын әйгілі жасампаз және гуманист, шынайы күш пен еркіндіктің, батылдық пен даналықтың бейнесі ретінде жадымызда сақтап қаламыз. 

Бүгінгі таңда Иоанн Павел Екінші Папаның Астанада өткен кездесулерде айтқан сөздері мен ізгі тілектері уақыт өте келе аса терең рухани және адамгершілік мәнге ие болып келе жатқанына көз жеткізуге болады.

Понтификтің Қазақстанға сапары оның Шығыс пен Батыс, ислам мен христиан арасында шынайы диалог құру талпынысының, барлық халықтардың тарихи және рухани дәстүрлеріне деген құрметі мен үйлесім мен руханилыққа негізделген өркениеттер арасындағы түсіністік пен сыйласымдыққа қосқан жеке үлесінің жарқын мысалдарының бірі болып қалатыны анық.

Әбибуллаев А.И.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы

Басқарма Төрағасының мақаласы.

euractiv.com: https://www.euractiv.com/section/central-asia/opinion/kazakhstan-and-pope-john-paul-ii/