2026 жылғы 9 сәуірде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай Еуропа діни көшбасшылары кеңесінің Бас хатшысы әрі Дін, уағдаласу және бейбітшілік орталығының директоры Марк Оуэнмен онлайн-кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – Орталық бастамалары мен еуропалық конфессияаралық құрылымдар арасындағы стратегиялық әріптестікті қалыптастыру және өзара ынтымақтастықты дамыту.
Кездесуге Басқарма төрағасының орынбасары Марат Калижанов, Съездің бастамаларын іске асыру департаментінің директоры Гүлдана Молдаш, сондай-ақ, Сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің бас консультанты Жансерік Темірташев қатысты.
Әңгіме барысында Марк Оуэн Еуропа діни көшбасшылары кеңесінің тарихы мен миссиясы туралы баяндады. Сондай-ақ қазіргі жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі сияқты ортақ алаңдарды қолдаудың маңызына тоқталды. Ол жасанды интеллект (ЖИ) этикасы мәселелеріне және қақтығыстан кейінгі қоғамдағы бірлік үдерістеріне діни институттардың қатысуын маңыздылығына мән берді. Марк Оуэн болашақ институционалдық әріптестіктің байланыс тетігі болуға дайын екенін және әлемдік конфессияаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа бейілділігін ерекше атап өтті.
Гүлсана Қожабай Марк Оуэннің кәсіби қызметіне жоғары бағалап, жасанды интеллект этикасы мәселелері қазіргі жаһандық күн тәртібінде, әсіресе діни салада, бірінші кезектегі маңызға ие болып отырғанын атап өтті. Кездесу аясында Басқарма Төрағасы Орталықты бірлік идеяларын жүзеге асыруға арналған негізгі алаң ретінде дамыту жөніндегі өз көзқарасын ұсынды. Ол фактілерге негізделген тиімді жұмыс моделін қалыптастыруға ұмтылатынын айтып, қолданбалы шараларды енгізудің маңыздылығына назар аударды. Бұл шаралар Съезді тек беделді пікірталас алаңы ғана емес, сонымен қатар жаһандық мәселелерді шешуде нақты нәтижелерге қол жеткізетін құралға айналдыруға мүмкіндік береді.
Техникалық брифинг барысында Гүлдана Молдаш діни саладағы жасанды интеллект этикасы жөніндегі құжатты әзірлеуге қатысты Орталықтың қазіргі бастамасын таныстырды, ал Жансерік Темірташев климаттың өзгеруімен күрестегі діннің рөлі туралы құжатты дайындау барысы жөнінде есеп берді. Екі құжат та Хатшылықтың негізгі бастамалары.
Марк Оуэн бұл бастамаларға қолдау білдіріп, конфессияаралық диалогтың жаһандық күн тәртібіне әсерін әрдайым тікелей талдау арқылы бағалау мүмкін еместігін атай отырып, бұл ретте жаңа тәсілдерді іздеудің маңыздылығына тоқталды. Тараптар конфессияаралық диалогтың әлеуметтік және экологиялық мәселелерге нақты әсерін өлшеу үшін практикалық әдістемелер әзірлеу қажеттілігі дұрыс деп тұжырымдады.
Кездесу соңында екі тарап та алдағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдіріп, түрлі діни және әлеуметтік топтар арасындағы бірлікті нығайтуға ортақ мүддені қолдады.