Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

АСТАНАДА TALDAUFORUM-2025 ФОРУМЫ ӨТТІ

Бөлісу

2025 жылғы 9 қазанда елордада TaldauForum-2025 форумы өтіп, оған жетекші сарапшылар, талдаушылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Іс-шараның басты тақырыбы – адами капиталды дамыту, цифрлық трансформация және қазіргі қоғамдағы қоғамдық сарапшылардың рөлін күшейту болды.

Форум 2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен құрылған Сенат сарапшылар клубының жұмысын жалғастыру болып табылады. Бұл клуб сарапшыларды, зерттеушілер мен азаматтық сектор өкілдерін біріктіріп, елдің стратегиялық дамуына өз үлесін қосып келеді. Кейін осы қауымдастық аясында мемлекеттік саясат, стратегиялық талдау және қоғамдық коммуникациялар саласында жас мамандарды даярлауға бағытталған «Сараптама мектебі» атты білім беру жобасы іске қосылды.

Бес жыл ішінде Taldau Community еліміздің интеллектуалдық әлеуетін біріктіріп, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеуге ықпал ететін толыққанды сараптамалық экожүйеге айналды.

Форум бағдарламасына дәрістер, шеберлік сабақтары, цифрлық трансформация жөніндегі сараптамалық дөңгелек үстел және Meta компаниясының (Facebook, Instagram, WhatsApp) өкілдері қатысқан арнайы сессия кірді. Қатысушылар қоғамдық коммуникацияның заманауи тәсілдерін, аналитикалық ойлауды дамыту және цифрлық дәуірдегі сараптамалық институттардың рөлін талқылады.

Форумның пленарлық отырысы «Why Nations Prosper: Lessons for Central Asia» атты тақырыппен өтті. Сессияға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен 2024 жылғы экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Дарон Аджемоглу қатысты. Дарон Аджемоглу бұл сыйлықты институттардың қалыптасуы және олардың ұлттардың әл-ауқатына әсері туралы зерттеулері үшін алған болатын.

Дискуссия барысында Орталық Азия елдерінің орнықты даму тәжірибесі мен табысты институттар құрудың маңыздылығы, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенділігі елдердің ұзақ мерзімді ілгерілеуіне қалай ықпал ететіні талқыланды.

Форум жұмысына сондай-ақ Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығының Басқарма төрайымы Гүлсана Қожабай, төраға орынбасары Марат Қалижанов және орталықтың қызметкерлері де қатысты.

Форум Taldau Awards марапаттау рәсімімен аяқталды. Онда елдегі сараптамалық әлеуетті дамыту мен қоғамдық талдауға зор үлес қосқан сарапшылар мен қоғам қайраткерлері марапатталды.

 

TaldauForum бүгінде мемлекет, сарапшылар мен қоғам өкілдері білімге, ашық диалогқа және стратегиялық ойлауға негізделген орнықты шешімдерді қалыптастыратын Қазақстанның жетекші сараптамалық алаңы ретінде өзінің мәртебесін нығайтты.