2025 жылғы 15 сәуірде Сауд Арабиясының Мекке қаласында «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының делегациясын ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы М. Әшімбаев бастап барды. Делегация құрамында еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Сенат депутаттары және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасының м.а. М. Қалижанов болды.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – қазіргі жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси сын-қатерлер кезеңінде дін лидерлерінің әділетті және тұрақты әлем орнатудағы рөлін талқылау, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің негізгі қағидаттары мен қорытындыларын, сондай-ақ Съездің 2023–2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын ілгерілету болды.
Өз сөзінде М. Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық діни дипломатияны дамытуға, өркениетаралық диалогты тереңдетуге, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға және зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған бастамаларының стратегиялық маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің институционалдық тұрғыдан нығаюы мен дамуы оның әлемдік деңгейдегі ықпалды диалог алаңына айналғанын ерекше назарға алды.
Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Мухаммеда бин Абдул Карим әл-Иса атынан сөз сөйлеген ұйымның Бас хатшысы орынбасары доктор Абдурахман әл-Заид Қазақстанның жаһандық дінаралық өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді. Ол еліміздің бірегей діни дипломатия үлгісін қалыптастыру жолындағы еңбегін атап өтіп, Дүниежүзілік ислам лигасының бейбітшілік, өзара құрмет пен төзімділік қағидаттарын ілгерілетуді жалғастыратынын жеткізді.
Іс-шара аясында Дүниежүзілік ислам лигасы мен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар моральдық және рухани құндылықтарды ілгерілету, өзара сенім мен бейбіт өмір сүру негіздерін нығайту жолында діни және сараптамалық қауымдастықтар арасындағы халықаралық әріптестікті күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Бірлескен бағдарламалар әзірлеу, тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімге қол жеткізілді.
Бұл дөңгелек үстел жаһандық тұрақсыздық жағдайында бейбіт әрі әділетті әлем қалыптастыру үшін күш біріктіру мен рухани байланысты нығайтудың маңызды кезеңіне айналды.
Сүрет дереккөзден алынған:Жаңалықтар - Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты