Сеул, 2025 жылғы 19 наурыз – Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов корей буддизмі «Чогие» орденінің президенті Джин Вумен кездесті.
Кездесу барысында тараптар конфессияаралық диалогты, толеранттылықты және бейбіт бірге өмір сүруді ілгерілету мәселелерін талқылады. Осы орайда қазақ дипломаты Джин Вуге ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне ресми шақыруын табыс етті.
Съездің өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілетудегі маңыздылығы, сондай-ақ діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтудағы рөлі аталып өтті. Сонымен қатар Съез жұмысына «Чогие» орденінің белсенді қатысуы жоғары бағаланып, бұл Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына үлес қосатыны айтылды.
Президент Джин Ву шақыруды ризашылықпен қабылдап, корей тарапының Съезге қатысуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ ол бұл алаңның рухани лидерлердің өзара іс-қимылы мен бейбітшілік пен келісімді ілгерілету үшін маңызды платформа екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында Джин Ву Қазақстан Үкіметі мен халқына елде тұрып жатқан этникалық корейлерге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, олардың екі достас ел арасындағы «алтын көпір» ретіндегі маңызды рөлін баса айтты. Сондай-ақ екі мемлекет азаматтары арасындағы тікелей байланыстардың артуына ықпал ететін әуе қатынасының кеңеюі арқылы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды.
Корей буддизмі «Чогие» ордені – 1700 жылдық дәстүрді сақтап келе жатқан Кореядағы ең ірі буддистік орден.