Жаңалықтар

Марокко Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысады

Бөлісу

Рабат, 2025 жылғы 21 наурыз – Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Марокко Королі Мұхаммед VI Экономика мен өркениет диалогы жөніндегі кеңесшісі, ірі кәсіпкер Андре Азулемен кездесті.

Кездесу барысында қазақ дипломаты екі ел арасында дін саласындағы жүйелі ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына назар аударып, А. Азулеге ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне шақыруын табыс етті. Сонымен қатар Марокконың алдыңғы съездерге белсенді қатысқанына тоқталып, Корольдіктің дінаралық диалогты дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

А. Азуле шақыруды зор ризашылықпен қабыл алып, Съезге қатысуын растады. Қазақстан мен Марокконың конфессияаралық келісімді нығайту, бейбітшілік, толеранттылық пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілету бойынша көзқарастарының ұқсас екендігін алға тартып, бұл іс-шараға қытысуының маңызды екенін жеткізді. Алдағы уақытта бұл бағытта ортақ жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Съезд отырысының табысты өтуіне тілек білдіріп, аталған іс-шара сындарлы диалог және әлемдік дінаралық өзара іс-қимылды нығайту үшін маңызды алаң болатынына сенімін білдірді.

Андре Азуле – Үш мәдениет және үш дін қоры төрағасының орынбасары, Шимон Перестің Жерорта теңізі форумы мен бейбітшілік орталығының директоры, Өркениеттер мен діндер диалогына арналған Давос форумы аясында С-100 негізін қалаушы мүшесі. Мароккода өтетін жаһандық дінаралық конференцияларды ұйымдастырушысы.