Іс-шараның мақсаты – дін тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау кезінде туындайтын өзекті және проблемалық аспектілерді талқылау болды. Семинарға еліміздегі жетекші телеарналар мен басылымдардың журналистері мен блогерлері қатысты. Атап айтқанда: «Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы», «Астана» газеті, «Алматы», «24KZ» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Литер.кз» газеттері, «Stan.kz» ақпараттық порталы, «ALQA» радиосы, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Діндерді зерттеу орталығының өкілдері қатысушылар қатарында болды.
Сонымен қатар семинар жұмысына еліміздің 14 облысындағы Дін істері басқармаларының өкілдері де онлайн-форматта қатысты.
Семинардың негізгі баяндамашысы ретінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Интернет кеңістігінде діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру департаментінің басшысы Жапал Долиев сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында дін саласындағы ақпараттық жұмыстың басымдықтары мен материалдарды дайындау және жариялау қағидаттарына тоқталды.
Семинар аясында Орталықтың қызметкерлері де баяндама жасады. Атап айтқанда, Орталықтың Сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің директоры Руслан Ибраев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен институттарын БАҚ-та жариялануы туралы жан-жақты мәлімет берді. Ал осы департаменттің бас консультанты Зарина Құдабаева БАҚ-та дін тақырыптарын жариялау кезіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Семинар барысында қатысушылар дін тақырыптарын кәсіби тұрғыда жариялау жөнінде жетекші сарапшылардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Талқылау барысында журналистер мен блогерлердің жұмысында жиі кездесетін түйткілді мәселелер сөз болды. Атап айтқанда, дін тақырыбын көтергенде этикалық өлшемдерге, бейтараптық пен объективтілік қағидаттарына, сондай-ақ журналистік қызмет барысында діни төзімділік пен әртүрлі конфессияларға құрметпен қараудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.