Жаңалықтар

Шетелдік БАҚ өкілдері Н.Назарбаев Орталығында болды

Бөлісу

Биыл 12 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы ұйымдастырған баспасөз туры аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығына жетекші халықаралық басылымдардың, ақпараттық агенттіктердің бас редакторлары, журналистері келді. Олар: «Bisnis Indonesia» (Индонезия), «Аль-Анбат» (Иордания), «Emirates News Agency» (БАӘ), «Oman Press Agency» (Оман), «Pakistan Press Agency» (Пәкістан), «Head of Saudi Information Agency» (Сауд Арабиясы), «Slovo» (Словакия), «Asia Plus» (Тәжікстан).

Кездесу барысында Н. Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бейбітшілік пен келісім стратегиясын дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, халықаралық аренадағы дін мен өркениет диалогының жаһандық орталығы ретінде Қазақстанның имиджін нығайтудағы Орталықтың міндеттерін атап өтті. Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің қорытындылары, Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияның маңыздылығы туралы ақпарат берілді.

«Қазіргі қоғамның даму жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі өзінің 20 жылға жуық тарихында ел ішінде де, халықаралық аренада да келісім мен толеранттылық, түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайту бойынша әлемдік қоғамдастықта ерекше орын алған бірегей диалог алаңы болып қалыптасты».

Өз кезегінде, шетелдік журналистер Н.Назарбаев Орталығымен конфессияаралық диалог саласындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық алаң - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында журналистер үшін Н.Назарбаев Орталығының Бейбітшілік және келісім мұражайы бойынша экскурсия ұйымдастырылды.