Қаз

Жаңалықтар

Нидерландыда «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

2022 жылғы 24 мамырда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі қарсаңында Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігі Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығымен бірлесіп «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысында Қазақстан тарапынан Нидерландтағы ҚР Елшісі А. Жұмағалиев, Орталықтың Басқарма Төрағасының орынбасары Н. Есімов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры Ю. Шаповал, «Нұр-сұлтан қаласының Өзбек этномәдени орталығының» төрағасы Ш. Пулатов сөз сөйледі.

Іс-шараға Нидерланд тарапынан Қазақстанның құрметті консулы Хенк Нибур, Қазақстанның құрметті консулының кеңесшісі Марсель Де Море, ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері Роттердам Ислам университетінің проректоры Эмрулла Акгюндуз, Гронинген университетінің Теология және дінтану факультетінің «Саясат және дін» кафедрасының доценті Эрин Уилсон, Эразм Роттердам университетінің аға ғылыми қызметкері Маржолейн Ван Гритхуйзен, «Дипломат» журналының баспагері, доктор Маелинн Де Лара, «Дипломат» журналының редакторы Рой Ли Атжам, Нидерланд-Қазақстан Бизнес қауымдастығының (НКБА) Басқарма мүшелері Гэри Хейс және Аарт Хаувинк қатысты.

Өзінің сөзінде Қазақстан Елшісі А.Жұмағалиев, Съез 20 жылға жуық уақыт бойы мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыруда, қазіргі заманның негізгі сын-қатерлеріне жауап іздеуде маңызды рөл атқарып келе жатқанын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында Н. Есімов қатысушыларға 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастырудағы дайындық жұмыстары туралы айтып, Съез қазіргі заманның ең өзекті мәселелері бойынша сындарлы диалогты қамтамасыз ететін әмбебап жаһандық дінаралық диалог алаңы болып табылатынын атап өтті.

Өз кезегінде, дөңгелек үстелге қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде, әсіресе пандемия салдарын еңсеру үшін бірлескен күш-жігер тұрғысынан ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.