Қаз

Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда дінтану және теология бойынша республикалық олимпиада өтті

Бөлісу

7 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Дінтану кафедрасы базасында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қатысуымен ЖОО студенттері арасында дінтану және теология бойынша XIV Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Зияткерлік сайысқа елімізде дінтану және теология мамандықтары бойынша мамандар даярлайтын алты оқу орнының командалары, атап айтұанда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (Нұр-Сұлтан қ.), Нұр-Мүбарак Ислам университеті (Алматы қ.), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Алматы қ.), Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ (Қарағанды қ.), Халықаралық Қазақ-Түрік университеті (Түркістан қ.) және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (Ақтөбе қ.) қатысты.

Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Б.Сомжүрек, олимпиаданың қазылар алқасының төрағасы Д.Кенжетаев, қазылар алқасы төрағасының орынбасары Т.Кеншілік, сондай-ақ Дінтану кафедрасының меңгерушісі М.Смағұлов іс-шараны ашып беріп, тілектерін білдірді.

Іс-шараның ашылуында Н.Назарбаев орталығының талдаушысы З.Малғараева «әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі диалог үшін бірегей алаң ретінде» тақырыбында баяндама жасады.

Олимпиада үш кезеңде өтті: ғылыми жобаның тұсаукесері, жазбаша тестілеу және таңдалған тақырыптар бойынша сұрақ-жауап.

Іс-шараның барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте ҚазҰУ командасы 1-орынды, ЕҰУ және Нұр-Мүбарак университетінің командалары 2-орынды, Түркістан, Ақтөбе және Қарағанды командалары 3 - орынды иеленді.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды. Н.Назарбаев конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының арнайы сыйлықтарын Басқарма төрағасының орынбасары М.Қарабаева табыстады.

Жеке есепте бірінші орынды иеленген Нұр-Мүбарак университетіне келесі олимпиаданы өткізу эстафетасы берілді.