Жаңалықтар

Н. НАЗАРБАЕВ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АЛАҢЫНДА «ДІН ЖӘНЕ ӘЙЕЛ: РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ СЫН-ҚАТЕРЛЕР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ ӨТТІ

Бөлісу

Биылғы жылдың 30 наурызында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі секцияларының бірі - әйелдердің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесіне және діни қоғамдастықта оның әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы рөліне арналған «Дін және әйел: рухани құндылықтар және заманауи сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық онлайн дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Л. Рамазанова, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесшісі Б. Жексенбай, Иорданияның дінаралық зерттеулер жөніндегі корольдік институтының директоры Р. Хаттар, Қазақстан мен Орталық Азиядан келген еврей репатрианттары ұйымының Басқарма Төрағасы Н.Дивинская, ЮНЕСКО қамқорлығымен мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының аға ғылыми қызметкері, сарапшы-психолог И. Крупко, ҚР АҚДМ республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының ғылыми қызметкері Л. Шәкімова, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел-қыздар секторының меңгерушісі Д. Нұрғалиева, Қазақстан Православие Шіркеуінің мәдениет бөлімінің басшысы Л. Горичева, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті теология факультеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Қ. Қаратышқанова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі А. Құрманалиева, Орталықтың Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев, сондай-ақ діни және ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Халықаралық дөңгелек үстел барысында қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатер кезінде әйелдің діндегі рөлі мен өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеудегі маңыздылығына қатысты мәселелерді талқылады.

Іс – шараны ашылуында сөз сөйлеген Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев қазақстандық қоғамның басты құндылығы - бірлікті, толеранттылықты және конфессияаралық келісімді сақтау екенін атап өтті. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі шеңберінде әйелдердің діндегі рөлін дамытудың негізгі мақсаттарын іздестіруде мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктірудің елеулі рөлі белгіленді.

«Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Б.Жексенбай өзінің алғысөзінде түрлі конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құруда ел басшылығының даму стратегиясына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамның тұрақты және жасампаз дамуына ықпал ете отырып, отбасы институтын нығайтуда, бала тәрбиелеуде әйел рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан мен Орталық Азиядан келген еврей оралмандары ұйымының Басқарма Төрағасы Н. Дивинская гендерлік теңдік көптеген елдерде заңды түрде бекітілгенін, алайда проблемалар әлі де бар екенін айта келе, «...қоғам осы мәселелерді шешу қажеттілігін түсінгенге дейін бірдеңені өзгерту өте қиын. Көптеген елдерде гендерлік теңдік мәселелерімен айналысатын әртүрлі ұйымдар бар. Олардың қызметінің пайдасы жоқ деп айта алмаймыз. Керісінше, олардың қолынан көп нәрсе келеді. Бірақ, мұндай ұйымдар неғұрлым көп болған сайын, гендерлік теңдік проблемаларын шешудің ауылы алыс»,- деді.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті теология факультеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Қ. Қаратышқанова Ясауи ілімдері ислам өркениеті мен қазақ дүниетанымының үйлесімділігінің көрнекті үлгісі болып табылатынын, сондай-ақ қазіргі қоғамның гендерлік саясатының жаңа мағыналары мен руханиятын толықтыратынын атап өтті.

Сонымен қатар, Орталықтың дінтану зерттеулер департаментінің директоры Р.Камарова әйелдер діндарлық феномені әлі жеткілікті дәрежеде зерттелмегенін, бірақ оны зерттеу қажет екенін алға тартты. «Бір жағынан, әйелдердің қызметін сипаттау әлеуметтік рөлдің алуан түрлілігін көрсетеді. Екінші жағынан, әйелдер, әйелдердің тәжірибесі жеткілікті түрде танылмаған немесе мәдени тұрғыдан маңызды емес деп саналады, әрі әйелдердің ерлер жанында «екінші» болуы әдеттегідей қабылданады, яғни «табиғи» сияқты. Олардың нақты жағдайын түсіну және оны өзгерту маңызды»,- деді.

Дөңгелек үстел қатысушылары қазіргі прогрессивті қоғамда әйел әлемнің түрлі мемлекеттерінің әлеуметтік, саяси және экономикалық салаларын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Иорданияның дінаралық зерттеулер жөніндегі корольдік институтының директоры Рени Хатар әйелдерді зорлық-зомбылыққа қарсы, толеранттылықты қолдап, конфессияаралық жұмысқа үлес қосатын белсенді қатысушылар деп санайды.

Сондай-ақ, этностардың, түрлі конфессиялар мен діндер өкілдері бірлігінің арқасында Қазақстан егеменді, еркін және күшті мемлекет құра алды. Бірегей диалог алаңы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі- әлемде дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға үлкен ықпалын тигізуде.

Шетелдік және қазақстандық сарапшылардың баяндамаларын қорытындылай келе, Б.Сәрсенбаев бүгінгі халықаралық онлайн дөңгелек үстел Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі міндеттерінің бірін іс жүзінде шешуге септігін тигізетін тағы бір қадам болғанына сенім білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар әлемдегі гендерлік теңдік идеяларын нығайту, әйелдердің діндегі рөлін кеңейту және дінаралық, мәдениетаралық диалогты құру бойынша жаңа идеяларды тұжырымдау бойынша ұсыныстарын білдірді.