Қаз

Жаңалықтар

Сауд Арабиясында «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл және заманауи мемлекетті қалыптастырудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

2021 жылғы 30 қарашада Эр-Рияд қаласында «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл және заманауи мемлекетті қалыптастырудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігі ұйымдастырды.

Шараға Қазақстанның САК-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Арын, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев, Ақпарат және араб-ресейлік зерттеулер орталығының басшысы Маджед Абдулазиз әл-Турки, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Елшісі Да хиер Мавританский Аленази, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Т.Шаймергенов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры С.Төлеубаева, Өзара әрекеттестік саласындағы зерттеулер мен білім орталығының (CRIK) Зерттеулер департаментінің директоры Эд Аль Рубайи және басқа да белгілі қазақстандық және халықаралық сарапшылар, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев өз сөзінде бұл шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен еліміздің Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында өткізудің маңыздылығына тоқталды. Қазіргі Қазақстанның бәсекеге қабілетті, серпінді дамып келе жатқан, болашаққа ұмтылған мемлекет екені атап өтілді. «Қазақстандық табыстың аксиомасы, сөзсіз, оның негізін қалаушы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ел ұзақ жолдан өтті. Жол қиындықтар мен үлкен жетістіктерге толы болды. Қазақстан ғажап қиын межені абыроймен еңсеріп, өз тәсілдемесін тапты, бұл бізді біртұтас және қуатты заманауи ұлтқа айналдырды. Этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық-саяси тұрақтылықтың негізгі құрамдас бөлігі және сонымен бірге Қазақстанның жетекші құндылықтарының бірі болып табылатынын атап өткім келеді. Еліміздің конфессияаралық келісім мен діни толеранттылықты сақтаудағы бірегей тәжірибесі әлемдік деңгейде сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Осы орайда Қазақстанның елеулі жетістіктерінің бірі – Нұр-Сұлтанда үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі», – деді Б.Сәрсенбаев.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы дөңгелек үстелге қатысушыларды Орталық қызметінің басым бағыттарымен, мақсат-міндеттерімен таныстырып, 2022 жылы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық барысын баяндап берді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды нығайту мақсатында дінаралық диалогты дамыту үшін қоғамдар мен мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру бүкіл әлем қауымдастығы үшін маңызды деген ортақ пікірге келді.