Жаңалықтар

Әлемдік діндер Съезінің экономикалық үлес салмағы өте зор

Бөлісу

Елімізде әлемдік діндер съезі 2003 жылдан бері әр 3 жыл сайын өткізіліп келеді. Съездің бастамасына және съездің экономикалық үлес салмағына қатысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева пікірін білдірді.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі Америкадағы қос мұнараға жасалған террористік шабуылдан соң, бүкіл әлем бөлшектеніп, қоғамдағы радикалдану деңгейі көтерілді. Бұл әлемнің жаңа қауіппен бетпе-бет кездескен кезеңі болған еді және осы сәтте көптеген басшылар мәселені шешудің жолын қарастыра отырып, діни көшбасшылардың қатысуымен осындай ауқымды шараны өткізу идеясы пайда болды және біздің еліміз осы істің инициаторы ретінде алға шығып, бұрын-соңды тарихта болмаған үлкен келелі идеяның жүзеге асырушысына айналды.

Әр съездің өз миссиясы алдын ала талқыланып, Декларациялары шығарылып, келесі үш жылға дінаралық келісім мен диалогтың жоспарлары белгіленіп отырды. Қазақ даласының төрінде талқыланған және діни көсемдердің бірлесе отырып шешілген міндеттері мен мақсаттары ары қарай ел-елге таралып, әр келген діни көшбасшылардың мемлекеттерінде жалғасын тауып отырды. VII Съездің  берері де өз алдына ерекше деп айта аламыз. «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбының таңдалуы да ерекшелігін көрсетіп тұр. Біз қазір расымен де пандемияға дейінгі және пандемиядан кейінгі кезеңнің күн тәртібіне қойған мәселелерді саралай алатындай болдық. Пандемияның өмірге қаншалықты әсері барына көз жеткіздік. Бүкіл әлем бір мәселемен өмір сүріп, соны еңсерудің жолын іздеді. Адамзат толығымен індеттен құтылудың жолында бірікті. Рухани көсемдер бұл бірігу жолында өз қызметтерін көрсете алды, қарапайым халыққа медеу бола алды. Дәл осы тәжірибелер, болашақтағы қолға алынатын ауқымды жұмыстар биылғы Съезд барысында жан-жақты талқыланды. Съезд жұмысы төрт бағытта өтті, яғни  «Заманауи қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын нығайтудағы діндердің рөлі», «Діндер мен мәдениеттердің өзара сыйластықпен өмір сүрудегі және әділеттілік пен бейбітшілікті нығайтудағы білім мен діни ағартудың рөлі», «Діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық конфессияаралық диалог пен бейбітшілікті қалыптастыруға, әсіресе діни негіздегі экстремизм, радикализм және терроризмге қарсы іс қимылға қосқан үлесі және «Әйелдің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі» бағытындағы секциялар жұмысы жоспарланған бағыттары бойынша сәтті өтті деген ойдамыз. Талқыланған тақырыптар ауқымды және бүгінгі қоғам сұраныстарынан туындаған және берері де көп екенінен көз жеткіздік.

Съезге әлемнің 50 елінің өкілдерінен құралған 100 делегация қатысты. Съезде қазіргі алмағайып замандағы  рухани және адамгершілік құндылықтарды  нығайтудағы діндердің берері, әлемдегі бейбітшілік пен әділеттікті орнатудағы және діндер мен мәдениеттердің өзара сыйластықпен қалай өмір сүре алатындығы, бірлікте өмір сүрудің жолдары, осы жолға қол жеткізудегі білім мен діни сауаттылықтың рөлі туралы жан-жақты талқылап, талданды. Әр елден келген діни көшбасшылар адамзатқа ортақ құндылықтарды ортаға сала отырып, өздерінің мысалында әлем назарына бейбітшілік пен татуластықтың үлгісін көрсете білді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары, беделді діни қайраткерлер жаһандық конфессияаралық диалог пен бейбітшілікті қалыптастырудың, әсіресе діни негіздегі экстремизм, радикализм және терроризмге қарсы іс-қимылда бірлесе жұмыс жасаудың адамзатқа қаншалықты қажет екендігін және бүгінгі әлемнің бейбіт өмірге қаншалықты зәру екендігіне бүкіл әлемнің назарын тарта білді. Осыны көріп, бақылап отырған кез келген азамат өзіне сабақ алып, рухани тәрбие алатынына сенімдіміз. Әсіресе, жастар, артында сан мыңдаған, миллиондаған сенушілері бар жамағаттың тілегін білдіріп отырған рухани көсемдердің игі ісінен тәлім алады деген ойдамыз. Өз діни ілімдері тұрғысынан әр түрлі көзқарастарда болғанмен, адамзатқа ортақ құндылықтар: бейбітшілік, адамгершілік, татуластық, бейбітқатар өмір сүру, адамзаттың амандығы мәселесінде біріге алатын әлеуеті барлығын көрсете білу кім-кімге де болса ой салары анық.

Съездің экономикалық үлес салмағы өте зор. Біздің еліміз әлемге сенімді алаң ретінде, яғни салынған қаражатқа қауіп төнбейтін орта, ары қарай алға дамудың кепілі бола алатындығын көрсете білсе, мемлекеттің ұтары да осында болмақ. Біз тәуелсіздік тізгінін қолға ұстағалы бері, толеранттылық мен ұлыстар татулығын дәріптеп келеміз. Елімізде әр түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері бірнеше ғасырдан бері татулықта өмір сүріп келеді. Тарихымыздың сындарлы уақытында өзге елден ауып келген халықтарға пана бола білдік. Ол бетімізден қазір де танған жоқпыз. Қай этностың өкілі болса да, туған жерінің азаматы ретінде еркін жүріп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Ал бұл қол жеткен құндылығымызды кей кездері сырттан келген күштер, елімізде танылмаған діни ағымдар шайқалтқысы келеді. Сол себепті мұндай іріткілерге, қайшылықтарға жол бермей, басты байлығымыз бейбіт қатар өмір сүру бағытымызды жоғалтпау әрқайсымызға қойылған міндет болу тиіс және биылғы Съезд жұмысын еліміздің дамуы, ары қарайға бет алысының дұрыс бағытынан таймауының кепілі деп түсінуіміз қажет. Съезд күндері барлық әлемнің жаңалықтары Қазақстан туралы, қазақ даласының төріндегі бейбітшілік пен ынтамақтастық мүддесі үшін жиналған әр түрлі дін өкілдерінің сөздерін, қолға алынған шараларын, жаһандық біртұтастықтың игілігі үшін бас қосқан діндердің бірауыздылығына күә болды. Осындай шараға алғаш ұсыныс білдіріп және оны жүзеге асырушы ретінде алған бетінен танбай 20 жылға жуық уақыттан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Қазақ еліне деген ыстық ықыласты көре алдық және бұл шара Жаңа Қазақстаннның тарихында ерекше орын алып отырғанына көз жеткізе алдық!

https://el.kz/alemdik-dinder-sezinin-ekonomikalyq-ules-salmagy-ote-zor_73723/