Жаңалықтар

Қазақстан мен Малайзия сарапшылары өркениетаралық диалогты нығайтудағы ынтымақтастықты талқылады

Бөлісу

2021 жылғы 22 желтоқсанда ҚР Малайзиядағы Елшілігі мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық және өркениетаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бейнеконференция форматында өткен шараға қос мемлекеттің дін саласындағы сарапшылары мен ғалымдары, университет оқытушылары қатысты.

Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев екі ел мәдениеттерінің жақындығын және діндер арасындағы диалог саласындағы сарапшылық деңгейде өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ынтымақтастық саласы Қазақстан мен Малайзия арасындағы жан-жақты серіктестіктің мәдени құрамдас бөлігінің маңыздылығын болып табылады, деді ол.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстанның әлемдік аренадағы дінаралық диалог саласындағы жетістіктерін атап өтті және дөңгелек үстелге қатысушыларды Орталық қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар, малайзиялық серіктестермен ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар конфессияаралық даму мәселелері бойынша пікір алмасып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын талқылады. Малайзиялық сарапшылар елімізде татулықта өмір сүріп жатқан түрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің бірлігін атап өтіп, бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін жоғары бағалады. Малайзияның Халықаралық ислам университеті жанындағы Халықаралық Ислам ойы мен өркениеті институтының профессоры Осман Бакар жаһандық ауқымда дінаралық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараның нәтижесінде екі мемлекеттің сарапшылар қауымдастығы Қазақстан мен Малайзия арасындағы ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыруға келісті.

Естеріңізге сала кетейік, дөңгелек үстел Қазақстан басшылығының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттарын ілгерілету жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-сұлтан қаласында «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессия көшбасшыларының рөлі» тақырыбындағы Съездің алдағы VII отырысы өтеді.