Жаңалықтар

Женевада бейбітшілік пен келісім жолында конфессияаралық диалогты дамыту бойынша дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

Биылғы жылдың 17 қыркүйегінде Женевада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында "Бейбітшілік пен келісім жолында конфессияаралық диалог"тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел Съез Хатшылығының XIX отырысына, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бітімгершілік бастамаларын насихаттауға, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың конфессияаралық саладағы рухани дипломатия және дәйекті саясатын дамытуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін әлемдік деңгейде ілгерілетуге арналған.

Іс-шараны Қазақстанның Женевадағы Тұрақты Өкілдігі мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы бірлесіп, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен онлайн форматта ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы А. Халафова, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының халықаралық ұйымдар және интеграциялық бірлестіктер бөлімінің басшысы М. Жарбосынова, Нұр-сұлтан қаласының "Өзбек этномәдени орталығы " ҚБ төрағасы, ҚР ҚХА мүшесі Ш. Пулатов, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, оның ішінде, Қазақстанның БҰҰ жанындағы және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары А.Байсуанов, Дүниежүзілік лютеран федерациясының қоғамдық теология және дінаралық қатынастар бағдарламасының жетекшісі, доктор С. Кит, Женевадағы Қасиетті Тақтың тұрақты өкілдігінің Уақытша Сенімді өкілі Д. Путцер, Парламентаралық Одақтың кеңесшісі С. Маркевич және т. б.

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев өз сөзінде 2021 жылдың 5-6 қазанында Нұр-сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы М.Әшімбаевтың басшылығымен өтетін Съездің алдағы XIX Хатшылығы туралы және Съездің стратегиялық міндеттеріне тоқталды.  Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дінаралық диалог мәселелерінде елеулі табыстарға жеткені атап өтілді.

«Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның саясаты дінаралық және конфессияаралық толеранттылық құндылықтарына негізделді. Азаматтық келісім идеологиясы Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасының біріне айналды. Қазақстан аумағында келісімде өмір сүріп жатқан түрлі конфессиялар мен діндер өкілдерінің бірлігі біздің еліміздің ең ұлы игіліктерінің бірі болып табылады. Қазақстанның дінаралық татулығы басқа халықтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әлемде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға халықаралық және отандық сарапшыларды, ғалымдарды, мемлекет және дін қайраткерлерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын көптеп тарту ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға және толеранттылық идеяларын ілгерілетуге ықпал ететініне сенімдімін», - деді Б.Сәрсенбаев.

Сөз соңында Орталықтың Басқарма Төрағасы Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілдігіне, сондай-ақ барлық қатысушыларға дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша қолдау көрсеткені және пікір алмасқаны үшін алғыс білдірді.

Жалпы, халықаралық сарапшылар Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының халықаралық күш-жігерді біріктіруде және толеранттылық, үйлесімділік, дінаралық келісім мен әлемдегі тұрақтылық идеяларын ілгерілетудегі жоғары рөлін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Съездің XIX Хатшылығы қарсаңында Үндістан, Пәкістан және Чехияда 3 дөңгелек үстел өтті. Жыл соңына дейін осындай іс-шаралар Сауд Арабиясы, Армения, Венгрия, Германия, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Түркияда өтеді деп күтілуде.