Жаңалықтар

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ақпарат

Бөлісу
Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Съез Хатшылығының кезекті оныншы отырысы ашылды.
Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Қ.Мәми діни лидерлер Съезінің жұмысына тұрақты және белсенді қатысқаны үшін делегация басшыларына ризашылық білдірді.
Төраға атап өткендей, алдыңғы Съез өткеннен бері әлемде халықаралық жағдайды, оның ішінде діни толеранттық пен конфессияаралық келісім саласын күрделендіре түскен оқиғалар болды.
«Африка құрлығы мен Таяу Шығыс елдерін шарпыған толқулар, Иракдағы, Ауғанстандағы және Пәкстандағы террорлық актілер, Жапониядағы жер сілкіну мен цунами толқындары, АҚШ-тағы тасқын су мен алапат құйындар миллиондаған адамдар үшін орасан зор қасірет әкелді», - деді Қ.Мәми.
Төраға өткен оқиғалар ізгі ниетті барлық адамдардың келісімге, достыққа, өзара сыйластық пен қолдауға негізделген бейбітшілік жолында бірігуі, зорлық пен төзбеушіліктен бас тартуы қажеттігін көрсетіп отырғанын атап өтті.
Бұл үдерістердегі дінаралық және мәдениетаралық үнқатысудың маңызды рөлін айта келіп, Қ.Мәми «Қазақстан өркениетаралық өзара іс-қимылды дамыту мен кеңейтуді, діни ынтымақтастықты тереңдетуді, жаһандық тұрғыда өзара мәдени алмасуларды ұдайы жақтап келеді», деп атап өтті.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасын ілгерілету мақсатында Съездің жасампаз идеяларын жер жүзінің халықтары мен олардың елдерінің саяси басшыларына жеткізуде әлемдегі басты мінбе мүмкіндігін пайдалану үшін біз форумның БҰҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуға ниеттеніп отырмыз», деді төраға.
Қ.Мәми сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Үштігіне қатысу мен Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету аясында мұсылман мемлекеттері мен батыс елдері арасындағы өзара түсіністікті тереңдету жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да аймақтық ұйымдар қызметінде мәдени-гуманитарлық өлшемдегі үнқатысуды кеңейтудің келешегі зор.
Отырыс барысында Діни лидерлер кеңесінің Тұжырымдама жобасы  мен оны қабылдаудың сипаты талқыланып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезі өтетін күн қаралды. Кезекті діни форумды 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өткізу жоспарланды.
 
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының баспасөз қызметі