Жаңалықтар

Қ.Мәми Жапония іскерлері мен қоғамдық топтар алдында сөз сөйледі

Бөлісу
Бүгін басталған Токиоға сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Жапония Парламенті Өкілдер Палатасының спикері Бунмэй Ибукимен кездесті, сондай-ақ Жапонияның Достық алмасулар халықаралық кеңесінің форумына қатысты.
Б.Ибуки Қазақстан қысқа мерзімде экономикалық дамудың жоғары қарқынына қол жеткізгенін, Орталық Азия аймағындағы жетекші орынға ие болғанын атап өтті. Жапония Парламенті Өкілдер Палатасының спикері Қазақстан-Жапония ынтымақтастығын кеңейту және парламентаралық байланыстарды одан әрі үдету жайында айтты.
 
Өз тарапынан Қ.Мәми тәжірибе алмасу және әртүрлі деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың заңнамалық негізін күшейту тұрғысынан парламентшілердің өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
 
Кездесу барысында тараптар халықаралық дінаралық үнқатысуды дамыту және басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
 
Сол күні Қ.Мәми Жапонияның Достық алмасулар халықаралық кеңесі мен Қазақстанның Токиодағы Елшілігі ұйымдастырған Қазақстан-Жапония форумының қатысушылары алдында сөз сөйледі.
 
Сенат Спикері Президент Н.Ә.Назарбаев жария еткен еліміздің 2050 жылға дейінгі Стратегиясын іске асыру аясында Қазақстанда ашылған жаңа мүмкіндіктер туралы айтты.
 
«Мен Қазақстан және Жапония арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігіне сенімдімін. Қазақстанның алдына қойған ұзақ мерзімді жаңа жобалары Жапонияның іскер және қоғамдық топтарының қызығушылығын тудырары сөзсіз», - деді Сенат Төрағасы кездесуді аша келіп.
 
Қ.Мәми халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, экономиканы әртараптандыру және инвестициялық тартымдылықты арттыру, инфрақұрылымды дамыту, «жасыл экономиканы» енгізу және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге әзірлік жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Астананың халықаралық бастамаларына шолу жасады.
 
Спикер Қазақстанда Жапонияның еліміздің Семей өңіріндегі ядролық сынақтардың экологиялық және әлеуметтік зардаптарын еңсерудегі, Арал теңізі аймағын сауықтырудағы Жапонияның елеулі жәрдемін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол сондай-ақ Қазақстан аумағындағы ірі инфрақұрылым нысандарын салудағы және жаңғыртудағы Жапония Үкіметінің қолдауын атап өтті.
 
Қ.Мәми Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметіне жеке тоқталды. Астанадағы съездің жұмысына Жапонияның Синто шіркеулері ассоциациясының өкілдері тұрақты түрде қатысып келеді.
 
Форум меймандарының назарына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 10 жылдығына арналған фотокөрме ұсынылды.