«Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» көрмесі және арнайы жиын өтті 2025 жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азия кеңсесі ұйымдастырған, Парламент Сенатының қолдауымен өткен «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» атты көрме және арнайы жиын өтті.
Іс-шараға Түркиядан келген белгілі ғалым, профессор Метин Акар, Өзбекстанның атақты құснихат шебері Хабиболла Салиев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ғылыми орта өкілдері қатысты.
Өркениетаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы атынан жиынға Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Марат Қалижанов және Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров қатысты.
Жиын барысында ислам каллиграфиясының тарихи және рухани маңызы сөз болды. Қатысушылар құснихат өнерінің түрлі стильдері мен көркемдік ерекшеліктерімен танысты.
Көрме аясында профессор Метин Акар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу аясында Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінің сыртқы жазулары мен олардың қазіргі жағдайы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Өзбекстандық құснихат шебері Хабиболла Салиев Осман халифаты кезеңінен сақталған Құран нұсқасы, куфалық мұсхафтар мен Орталық Азиядағы көне жазулардың ерекшеліктері жайлы тың деректермен бөлісті.