Жаңалықтар

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС АЗИЯ ЕЛДЕРІМЕН ДІНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫ

Бөлісу

Асхатұлы Жалғас

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы

 

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка құрлығында орналасқан 23 араб мемлекетін біріктіретін негізгі тұғырдың бірі – ислам діні. Соңғы жылдары араб елдерінің мұрындық болуымен құрылған діни ұйымдар арқылы сыртқы мұсылман елдерімен байланыс орнату үрдісі белең алуда. 1945 жылы құрылған Араб елдерінің лигасы бүгінге дейін аталмыш мемлекеттердің тілдік, тарихи және мәдени қатынастарын реттеп, олардың басын біріктіруге мүдделі халықаралық ұйым саналады. Осының артынан 1962 жылы елдердің саяси және экономикалық бағытын айқындап, ілгері жылжытуға ықпал ететін Ислам ынтымақтастық ұйымы құрылды. Ал, діни тұрғыдан ортақ байланысты дамыту үшін 1962 жылы Бүкіләлемдік ислам лигасы құрылды.

Атап айтар болсақ, дін жолында белсенді қызмет етіп жүрген әйгілі әл-Азхар университеті, Бүкіләлемдік ислам лигасы (БИЛ), Ислам ынтымақтастық ұйымы, Король Абдулла ибн Абдулазиз атындағы Халықаралық конфессияаралық және мәдениет аралық диалог Орталығы (KAICIID), Халықаралық мұсылман ғұламалары Одағы секілді және т.б ұйымдар Оңтүстік-Шығыста орналасқан мұсылман елдерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда аталмыш ұйымдар араб әлемінің ішкі және сыртқы қарым-қатынасын жан-жақты реттеуші орталық саналады.  

Аталған қарым-қатынастар әсіресе Индонезия және Малайзия елінде жақсы көрініс табуда. Бұның басты себептерінің бірі Индонезия саны жағынан әлемде ең көп шоғырланған мұсылман қауымы болса, Малайзия мұсылман әлемінде өзінің белсенділігімен танылған ел болып саналады. Олар жастардың діни сауатын арттыру үшін Мысыр, Сауд Арабияся, Қатар және т.б. елдермен арнайы бағдарламалар қабылдап, жоғарыда аталған ұйымдармен өзара тығыз байланыстар құруда.

әл-Азхар

Әлемге әйгілі әл-Азхар университетінің шейхі Ахмет Тайеб 2018 жылы Индонезияға ресми сапармен барып, онда ел Президенті Жоко Видодомен кездесіп, екі ел арасындағы байланысты талқылаған болатын.

Сонымен қатар сапар барысында әл-Азхар шейхі елдегі ислам дінін оқытатын беделді «Дар ас-Салам» атты университетіне барды. Онда Ахмет Тайеб университет әкімшілігімен кездесіп, нәтижесінде жергілікті жастар әл-Азхар университетінде білім алу үшін арнайы 50 қосымша гранты тағайындалды.   

Жалпы, бүгінге дейін Индонезияда әл-Азхарды бітіріп шыққан 30 мыңнан аса студент бар. Университеттің мәліметіне сәйкес Индонезия әл-Азхар университетіне қабылданатын шетелдік студенттердің озықтары қатарында. Қазіргі таңда олардың барлығы дерлік жоғары лауазымды қызметті иемденген және ислам әлемімен қатынастарды нығайтуда зор үлес қосуда.  

Айта кететін жайт, Ахмет Тайебтің «Дар ас-Салам» университеті басшыларымен кездесу себебінің бірі онда әл-Азхардың ислам дінін оқыту жүйесін енгізу болатын. Осылайша екі ел арасында дін саласында мықты мамандарды даярлап, олармен тәжірибе алмасу үшін арнайы мүмкіндіктер жасап, гранттар бөлмекші. Бұл өз кезегінде екі елдің дін саласындағы қатынастары одан әрі нығайа түсуіне септігін тигізеді.

Сонымен қатар, іс-сапардан кейін әл-Азхар университетінің ректоры Мұхаммед Махрасауи Индонезиядағы ең үлкен үш университеттің ректорларымен кездесіп, әл-Азхарда араб тілімен қоса индонезия тілін оқытуды алға қою жолдары талқыланды. Болашақта, бұл тіл университетте екінші тіл ретінде оқытылатын арнайы бөлім ашу көзделуде.

Ескере кететін жайт, Оңтүстік-Шығыс Азияда  индонезия тілінде сөйлейтін 400 млн. халық бар. Бұған қоса әл-Азхарда индонезиялық білім алушыларға күнделікті сабақтан бөлек, қосымша екі елдің мәдениетін дәріптейтін жеке пәндер енгізілетін болады. Бұл дегеніміз алдағы уақытта әл-Азхардың білім беру жүйесі, діни идеологиясы Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде кеңінен қанат жаюға ықпал етеді деген сөз.   

Бүгінде екі ел арасындағы мұндай байланыс жоғары деңгейде. Осыған дейін Индонезияда әл-Азхардың білім беру жүйесіне негізделген бастауыш білім беру және колледж деңгейіндегі бірнеше білім беру ордалары ашылған. Жалпы, әл-Азхар қазіргі таңда мұсылмандар көп шоғырланған елдерде өзінінің идеологиясын Оңтүстік-Шығыс елдерінде насихаттап, онда діни оқыту жүйелерін қалыптастырып, діни білім беру мамандарын дайындау арқылы өзінің беделін арттыруды көздеуде.

Осындай қатынастағы мәселелерді біздің елдегі Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениеті университеті секілді діни білім беретін ордаларда да жүзеге асыруға болады. Қазіргі әлемде діни экстремизм мен лаңкестіктің өршіп тұрған уақытында мүмкіндігінше әл-Азхармен байланысты жан-жақты нығайту керек. Елдегі дінтану және теология бағытында оқып жүрген қандастарымызды жүйелі түрде Мысырға барып, ондағы оқу ордаларында тәжірибе алмасу мәселесін қарастыру маңызды.   

Сонымен қатар әл-Азхардың беделі мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, онда оқып жүрген қазақ студенттеріне мемлекеттен арнайы шәкіртақы төлеу қажеттілігін жөн санаймыз. Бүгінде ҚР Сыртқы істері министрлігінің мәліметіне сәйкес онда оқып жүрген студенттердің саны 200-ге жуық десе, ал тіркелмей қалып қойғандардың саны одан жоғары екені анық. Олардың басым көпшілігі бірдей діни білім алуды көздейді. Алайда, Мысыр тарапы бөлетін шәкіртақы аз болғандықтан, студенттер оқудан бөлек жұмыс істеуге мәжбүр болады. Сондықтан болашақта елге қызмет ететін сапалы діни кадрлар дайындау үшін екі ел арасындағы білім саласын жандандырып, ондағы қазақстандық студенттерге жағдай жасау керек. Бұл тұрғыда ҚМДБ-ның атсалысуы аса маңызды.  

БИЛ

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланысты жақсартуда Сауд Аравиясы жетекшілік ететін Бүкіләлемдік ислам лигасы да қалыс қалмады. Өткен жылы Лиганың Бас хатшысы Абдулкәрім әл-Иса Жакарта қаласына ресми сапармен барып, онда елдің вице-президенті Мағруф Әминмен кездесіп, 100 мың шаршы метрді құрайтын Мұхаммед пайғамбардың мұражайын ашудың іргетасын қалады. Жоспар бойынша онда БИЛ тарапынан 200 мыңға жуық діни мазмұнды кітаптар қойылады деп жоспарлануда.   

Сонымен қатар, Бас Хатшы жергілікті «Мұсылман ғұламаларының жаңғыруы» ұйымының басшысымен кездесті.

Кездесу барысында БИЛ тарапынан діни сауаттылықты арттыру мен жаңа заманауи сұрақтарға жауап беретін кадрлар дайындауға тиісті қолдау көрсету ұсынылды.   

Сонымен қатар Бас хатшы индонезиялық жастармен кездесіп, оларға діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу және діни төзімділік пен татулықтың құндылығы туралы лекция оқыды.

Жалпы, БИЛ осындай қадамдармен мұсылмандар көп шоғырланған Индонезияны таңдауы бекер емес. Себебі, алдағы уақытта БИЛ Малайзия елімен байланысты нығайтып, онда өз беделін арттыруды көздейді.

Әрине, БИЛ әл-Азхар секілді білім беру ордасы болмағандықтан, олар мұндай ниеттерін әртүрлі халықаралық іс-шаралар өткізіп, мұсылмандарды қызықтыратын Мұхаммед пайғамбардың мұражайын ашып, т.б. көрмелер ұйымдастыру арқылы жүзеге асыра алады. Өйткені, бұған дейін Лига дәл осындай әрекеттермен Еуропада көптеген елдерді аралап, өзін танытып үлгерді.

KAICIID

Король Абдулла ибн Абдулазиз атындағы Халықаралық конфессияаралық және мәдениет аралық диалог Орталығы (KAICIID) 2019 жылдың 18-19 желтоқсанында Индонезия астанасы Жакарта қаласында «Дінаралық диалогты дамытуда және оның түрленуінде біргеміз» деген тақырып аясында халықаралық конференция өткізген болатын.   

Іс-шараға Азия төңірегінде 64-ке жуық беделді діни ұйымдар өкілдері, саясаткерлер, басқа да сарапшы мамандар қатысты.  

KAICIID Бас Хатшысы Фейсал ибн Муаммардың айтуынша бұл конференцияның мақсаты Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі діни өкілдердің басын қосып, оларды диалог құруға шақыру болды.

Аталмыш конференция соңында Бас Хатшы Индонезия Вице-Президенті Мағруф Әминмен кездесті. Екеуара кездесуде KAICIID қызметі таныстырылып, оған Вице-Президент жоғары баға берді.

Жалпы, Оңтүстік Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдерін салыстырып қарар болсақ дінаралық диалог Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде едәуір жақсы дамыған. Соның ішінде Малайзия, Индонезия секілді мұсылмандар көп шоғырланған елдерде діни қақтығыстар соңғы уақытта болмаған.  

Дегенмен, бүгінге дейін russiancouncil.ru сайтының мәлімдемесіне сәйкес бір ғана Индонезияда 19, Малайзияда 5, Филиппинде 3 радикалды ұйым тіркелген. Бұлардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған.

Фейсал ибн Муаммардың сапарына келер болсақ, ол онда Индонезия үкіметінің қолдауына сүйене отырып Мьянма елінде болып жатқан қақтығыстарға қатысуды көздеген. KAICIID алдағы уақытта Жакартада орналасқан «Өркениетаралық диалог және ынтымақтастық индонезиялық орталығымен» (Indonesian Centre for Dialogue and Cooperation among Civilizations (CDCC - https://cdcc.or.id/ ) бірлесе отырып, Мьянмадағы шиеленісті шешу мақсатында мамандарды тартуды жоспарлауда.  

2016 жылдан бері Мьянмада «Мьянма бейбітшілік бастамалары» (PMI) атты ұйым жұмыс жасайды. Онда 50 ден астам әртүрлі дін өкілдерінің қызметкерлері бар. Олардың мақсаты дінаралық қақтығыс орын алған жерлерде арнайы халыққа түсіндіру жұмыстарымен айналысады. KAICIID бүгінде осы ұйымның серіктесі болып табылады.

Сонымен қатар Индонезияда KAICIID қарасты дінаралық диалогты дамыту жөніндегі тағы бір серіктес ұйым ашылуы ықтимал. Осындай орталық арқылы KAICIID білікті мамандарды даярлап, Оңтүстік-Шығыс елдеріндегі діни ахуалды бақылауға көмек теседі. Дәл осындай орталық болашақта Малайзия жерінде де ашылуы мүмкін.

Осы ретте, алдағы уақытта Фейсал ибн Муаммар осындай жұмыстарды ілгерілету үшін әрі өздерінің мүддесін негізге ала отырып Оңтүстік-Шығыс елдерінде қызметтерін жалғастыруды көздейді. Мұндай қадам KAICIID үшін Батыс елдерінен бөлек Азияда кеңінен танымал болуға алып келеді.    

Халықаралық мұсылман ғұламалары Одағы

Оңтүстік-Шығыс елдерінде мұсылман көп шоғырланған елдердің алдыңғы қатарында Малайзия тұр. Малайзия бүгінде ғылымның көптеген салаларында жетістікке жеткен мемлекет. Әсіресе, онда діни мамандар арасында ғылыми бәсекелестік өте жоғары деңгейде.

Осындай елге бүгінде Халықаралық мұсылман ғұламалары Одағы қызығушылық танытуда. Өткен жылы Одақ Басшысы Ахмет Райсуни Малайзия Премьер-Министрі Махатир Мұхаммедпен, Дін істері министрі Мужахид Юсуф Рауамен және Білім министрі Датуқ Саримен кездесті. Кездесу соңында Одақ пен Малайзия дағуат (насихат) Ұйымымен меморандумға қол қойды.

Жалпы, Малайзия үкіметі соңғы уақытта дін саласында Одақпен тығыз байланыс жасауға кіріскен. Себебі, сапар барысында Ахмет Райсуни билік өкілдерінен бөлек Одақтың бұрынғы басшысы болған, беделді Шейх Абдулхадимен жеке кездесу өткізді.

Одақтың негізгі мақсаты мұсылман ғұламаларын біріктіру екенін ескерсек, Ахмет Райсунидің бұл сапары Одақтың қызметін Малазияда кеңінен насихаттау болып отыр. Себебі, бейресми ақпараттарға сәйкес Малайзия соңғы жылдан бастап, қандай да мәселеде ислам дініне қызмет етіп, оны насихаттап, жаңа қарарлар шығару үшін алдымен Ахмет Райсунидің көзқарасына және Одақтың шешіміне жүгінеді.

Демек, Малазия Дін істері министрлігіне қарасты кез-келген мекемелердің діни әрі саяси тұрғыдағы шешімдері Одақтың келісімімен болады деген сөз. Бұл туралы Министр Мужахид Юсуф былай деген: «Қазіргі әлемнің түрленуіне байланысты ислам дінінің шешімдері де соған сәйкес өзгеріске түсіп отырады. Осы тұста Ахмет Райсунидің жазған еңбектері және заманауи көзқарастары бізге аса қажет».

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы бүгінге дейін араб елдерімен қарым-қатынасты жан-жақты орнатуды жалғастыруда. Ендігі жерде, Орталық Оңтүстік Шығыс елдерімен де дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жолындағы ынтымақтастықты арттыруға ден қою керек секілді. Себебі, соңғы жылдарда ондағы діни ахуал жағдайының тұрақты екенін ескерсек, жоғарыда айтылған халықаралық ұйымдар сияқты Малайзия және Индонезия елдеріндегі діни ұйымдармен, оқу орындарымен Орталық мамандары тарапынан тәжірибе алмасу жұмыстарын қарастыру маңызды деген ойдамыз. Бұл өз кезегінде Орталықтың имиджіне, сондай-ақ Қазақстанның дін саласындағы айрықша моделін қалыптастырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін кең насихаттауға жол ашады.