Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бөлісу

Ортақ шараларды ұйымдастыру, мәдениеттер мен өркениеттердің бірлігі бойынша пікірталас алаңдарын ашу мақсатында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, университеттің ғылыми және білім беру кеңістігіндегі алар орны мен білікті кадрларды даярлаудағы зор үлесін атап өтті.

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев  Еуразия ұлттық университетінің осы жылдар ішіндегі халықаралық жоғары беделіне тоқтала келе, бүгінде университет әлемдегі жетекші зерттеу оқу орындарының біріне айналғандығын баса айтты. Сондай-ақ, университет ұжымына ғылыми және білім беру саласында одан әрі толайым табыстар мен жетістіктер тіледі.

Меморандумның маңыздылығын атап өткен Болат Сәрсенбаев құжат тек діни лидерлер, ғалымдар мен Н.Назарбаев орталығы өкілдерінің қатысуымен өтетін дәрістер, сараптамалық кездесулерді ұйымдастыруға ғана емес, сонымен қатар шет тілдерді жетік білетін университет студенттерін әртүрлі бірлескен іс-шараларға, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі және оның мекемелеріне ерікті ретінде тартуға бағытталғанын айтты.

Сонымен бірге, меморандум бірлескен зерттеулерді, ғылыми тағылымдамаларды, Университет пен Орталықтың басылымдарында аналитикалық, ғылыми, зерттеу және басқа да ақпараттар сериясын тұрақты негізде шығаруды, академиялық ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Болат Сәрсенбаев биылғы жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың төрағалық етуімен Съез Хатшылығының ХІХ отырысын, 2022 жылы кезекті VII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу жоспарымен бөлісті.

Өз кезегінде ЕҰУ ректоры Е.Сыдықов әлемдегі діни қоғамдастықтың рөлі күн санап артып келе жатқандығын, осыған байланысты конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми жобаларды әзірлеу бұрынғыдан да өзекті екенін алға тартты.