2025 жылдың 12 маусымында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы діни ахуалдың негізгі үрдістері» атты кездесу-дәріс өтті. Іс-шараға Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің директоры Малғараева Зауре мен Дінтану сараптамасы департаментінің директоры Бірәлі Эльмира қатысты.
Орталық мамандары «Қазақстандағы конфессиялық палитра: сын-қатерлер мен үрдістер» және «Ғаламтор кеңістігіндегі діни экстремизмнің алдын алу» тақырыптарын қозғады
Өз дәрісінде З. Малғараева елімізге сырттан енген теріс діни ағымдар мен олардың жастар санасына кері ықпал ету тетіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Сондай-ақ, интернет пен әлеуметтік желілерде белсенді таралып жатқан радикалды идеялардан сақтану жолдарын түсіндіріп, алдын-алу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық шараларға тоқталды.
Өз кезегінде, Э. Бірәлі радикалды мазмұндағы ақпараттарға жүргізілетін дінтану сараптама жұмыстары мен теріс бағыттағы контенттің таралуын болдырмау жолдары жайлы баяндады.
Іс-шара соңында отбасы тәрбиесі мен дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызы айтылып, жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің діни тұрақтылықты нығайтатыны білдірілді.